Тоқаев кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауының уақытын белгіледі

Парламент сайлауы 19 наурызда өтетін болды


19/01/2023
17:08 22145 0

Фото: Ашық дереккөзден

19 қаңтарда Ақордада барлық деңгейдегі мәслихат өкілетін тоқтату және мәжілісті тарату мен кезектен тыс мәжіліс сайлауын тағайындау туралы жарлықты жариялады. 

Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарламада Тоқаев мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатыны жөнінде айтқан. 

– Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады, – деді Тоқаев.

Ол сонымен бірге партияны тіркеуге қажет адамдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылғанын және өзге де «шарттар жеңілдетілгенін» атап өтіп, елде «алғаш рет көп уақыттан бері бірнеше жаңа саяси партия» тіркелді деп мәлімдеді. 

Тоқаев сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» графасы енгізілгенін, партиялардың мәжіліске өтуіне қажет меженің 7-ден 5-ке төмендетілгенін алға тартып, соңғысын «демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам» деп атады. 

Ол сайлаудың заңға сәйкес өтуі қатаң қадағаланады, бұған ОСК мен бас прокуратура жауапты деді. Сайлауды жергілікті және халықаралық бақылаушылар бақылайды деді. 

Сайлау туралы заңға сәйкес, елде кезектен тыс парламент сайлауын президент тағайындайды. Парламент немесе мәжіліс өкілетін тоқтату туралы шешімді де сол қабылдайды. Сайлау мәжіліс немесе парламент өкілеті тоқтатылған мезгілден екі ай ішінде өтуі тиіс. 

Сарапшылар билік «саяси партияларды тіркеуді жеңілдетіп, мәжіліске өту шегін қысқарттық» деп мәлімдегенмен оның бәрі «косметикалық сылап-сипау ғана», шынайы реформа жүргізілген жоқ деп санайды.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/01/2023 17:08
22145 0

Уведомление